Медициналық ұйымдарды аккредиттеу функциясы тәуелсіз ортаға өтеді

Автор: Super User

2019 жылғы 15 қарашада Байқау кеңесінің шешімі бойынша Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының құрылымында ұлттық аккредиттеу стандарттарына сәйкестігіне сыртқы кешенді бағалау жүргізу жөніндегі ұлттық орган болып табылатын Аккредиттеу орталығы таратылады.

 

Енді бұл функцияны «Денсаулық сақтау саласындағы сыртқы кешенді бағалау жөніндегі сарапшылар мен консультанттар» қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – Аккредиттеу орталығы) орындайтын болады. Аккредиттеу орталығы ҚР ДСМ тауарлар мен Көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес медициналық ұйымдарға сыртқы кешенді бағалау, аккредиттеуден кейінгі мониторинг жүргізу, аккредиттеу бойынша сарапшыларды іріктеу және оқыту үшін аккредиттеуші орган ретінде аккредиттеу туралы куәлік алды. Аккредиттеу орталығы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізбесіне кіреді. Сонымен қатар, Орталық Денсаулық сақтаудағы сапа жөніндегі халықаралық қоғаммен (ISQua) аккредиттеуші орган ретінде аккредиттелген, бұл оны Joint Commission International, Accreditation Canada және басқалар сияқты халықаралық аккредиттеуші ұйымдармен бір қатарға қояды.

 

Аккредиттеу орталығында аккредиттеу саласындағы сертификатталған мамандар болып табылатын 150-ден астам сыртқы кешенді бағалау сарапшысы бар. Сондай-ақ, Орталық қызметкерлеріндей сарапшылар да  ДДҰ (World Health Organization), UNICEF, JCI (Joint Commission International), ISQua (International Society for Quality in Health Care), AGI (American Gulf International), AIHQ (American Institute for Healthcare Quality), CSIH (Canadian Society for international Health), AC (Accreditation Canada) сияқты халықаралық ұйымдарда медициналық қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту саласында оқудан өткен.

 

Аккредиттеу және аккредиттеуден кейінгі мониторинг қызметінің тәуелсіз ортаға өтуі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қаралған. Сонымен қатар, үздік әлемдік практикаға сәйкес, аккредиттеудің тәуелсіз рәсімі процестер сапасының жақсаруы  мен ашықтығының кепілі болып табылады, сондай-ақ аккредиттелген ұйымдардың имиджіне оң әсер етеді.

 

Сонымен қатар, ДСДРО бұдан әрі медициналық ұйымдардың аккредиттеу алдындағы дайындығы бойынша қызметтер көрсететін болады.

 

Аккредитациядан өтуге өтінімдерді қабылдау және аккредиттеу рәсіміне қатысты басқа да мәселелерді c.akkred@mail.ru электрондық поштасына жіберуге болады немесе 8 7172 47 60 22 (ішкі 202, 206) телефон нөміріне хабарласуға болады. Аккредиттеу орталығы мына мекенжай бойынша орналасқан: Нұр-Сұлтан қ., Иманов көшесі, 13, 507, 508-каб.