Template created by Joomla 1.6 templates and the best poker webpages: party poker bonus code and best poker sites.

Дәрігерлер жұмыс істеу құқына ие болу үшін 25 мың теңгеге дейін төлемақы жасауы тиіс деген ақпарат шындыққа жанаспайды

Жарияланды 19.01.2016

Дәрігерлер жұмыс істеу құқына ие болу үшін 25 мың теңгеге дейін төлемақы жасауы тиіс деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп мәлімдеді Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының (ДСДРО) баспасөз қызметі.  Еліміздің бірқатар ақпарат құралдарыFacebook әлеуметтік желісінің қолданушысына сүйене отырып, осындай ақпарат таратқан болатын.

 ДСДРО құрамындағы Білім және дағдыларды бағалау республикалық орталығының жетекшісі Гүлмира Жангерееваның айтуынша, медициналық қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін бағалау жүйесі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында біліктілікті  растаудың халықаралық стандарттарына өтуге байланысты енгізілген.

Әлемдік тәжірибеде кәсіби қызметке кірісу үшін дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлері сертификат (немесе лицензия) алуға міндетті және де мамандардың біліктілігін бағалауды тәуелсіз ұйымдар  ақылы негізде жүргізеді.  Осыған сәйкес, Қазақстандық дәрігерлер мен мейіргерлер өзінің кәсіби біліктілігін 5 жыл сайын дәлелдеп тұруы тиіс. Егер емтихандарды сәтті өткен жағдайда оларға сертификат беріледі. Кәсіби біліктілікті бағалау 2950 теңге тұрады және бұл сома  бағалау  процедурасын өткізуге кететін шығындардың құнынан аспайды. 

 Квалификацияға сәйкестігін растап, категория алу шарасы тек қана ерікті түрде жүргізіледі және бес жылда бір мәрте өткізіледі. Категория алған мамандардың жалақысы көтеріледі. Бұл шара категориясына қарай  13 598 теңгеден  24 285 теңгеге дейін тұрады. Аталмыш өтемақы көлемі  емтихандарды техникалық сүйемелдеуге, жоғары дәрежелі емтихан алушыларды, тәуелсіз сарапшыларды, стандартталған пациенттерді тартуға және қажетті материалдарды алуға кететін шығындардың құнынан аспайды. 

Тәуелсіз бағалауды өткізу ережесі мен тәртібі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылдың 28 мамырдағы №404 бұйрығымен бекітілген.  Осы құжатқа сәйкес, білім және дағдыларды бағалау процедурасының ақысын жұмыс берушінің есебінен, қызметкердің өз есебінен   немесе заңға қайшы емес кез-келген қаржы көзінен төлеуге болады. 

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Білім және дағдыларды бағалау республикалық орталығы медициналық қызметкерлердің білімін және дағдыларын бағалау саласы бойынша ұлттық аккредитация алған болатын. Былтыр бағалау шарасы Әлемдік Банк жобасының аясында қаржыландырылғандықтан, тегін өткізілген еді. Аталмыш жоба межесіне жеткендіктен, биылдан бастап ДСДРО шараны ақылы негізде өткізе бастады.  

Бағалаудың бірінші кезеңі компьютерлік тестілеу түрінде, екінші кезеңі – науқастардың ағзасындағы түрлі ауытқуларды сипаттайтын робот-манекендердің көмегімен өткізіледі. 

Білім және дағдыларды бағалау шарасы медициналық қызмет сапасын көтеру және науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.

Add comment

Security code
Refresh

© 2013-2015 ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамытру республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Барлық құқықтар сақталған. Материалдарды көшіріп алу, сайт әкімшілігінен ауызша немесе жазбаша түрде рұқсат алған уақытта ғана мүмкін!