Template created by Joomla 1.6 templates and the best poker webpages: party poker bonus code and best poker sites.

Міндетті медициналық сақтандыру мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді

Жарияланды 07.09.2015

Міндетті медициналық сақтандыру мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық қызметті дамытуға ерекше ден қойылып, жеке медицинаның дамуына жағдай жасап медициналық ұйымдардың арасында бәсекелестікті дамыту арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры астыртын төлемдерді азайтуға да ықпал етуі тиіс.
ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заң жобасын ҚР ДСӘДМ Мемлекет басшысының «Ұлт жоспарының 80 қадамы – институционалды реформаларды жүзеге асырудың 100 нақты қадамын» жүзеге асыру шараларының аясында дайындады. Заң жобасы озық халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып жасалды.Заң жобасында азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакетін ұсыну қарастырылған:

Бірінші – базалық пакет республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекет тарапынан кепілдендіріглген медициналық көмек ауқымын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл пакет республиканың барлық азаматтарына қолжетімді болады. Оған жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар науқастарды емдеу, шұғыл көмек, профилактикалық екпелер кіреді.

Әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұрғындарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызмет көрсету және амбулаторлық –дәрілік қамтамасыз ету республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Екінші түрі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры есебінен көрсетілетін көмек.

Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар науқас түрлерінен басқа), стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызы бар науқас түрлерінен басқа), сауықтыру шаралары және медициналық сауықтыру, паллиативті көмек, мейірбикелік күтім, жоғары технологиялы көмек кіреді.

Бұл көмек түрлерін алу құқына міндетті медициналық сақтандыру қорына төлем жасаған ҚР азаматтары, ел аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктер ие болады.

Экономикалық белсенді емес азаматтар үшін мемлекет жарна төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлері үшін, салық органдарында тіркелген жеке кәсіппен айналысатын азаматтар – өздері үшін жарна аударады.

Бұл пакеттерге қосалқы азаматтар ерікті медициналық сақтандыру аясында қосымша қызмет түрлерін пайдалана алады.

Ай сайынғы жарналарды жинақтап, медициналық қызметтерді сатып алу үшін ҚР ДСӘДМ медициналық қызметтерді төлеу комитетінің негізінде ұйымдастыру-құқықтық формасы бойынша коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады.

Мемлекеттің ерекше категорияға кіретін азаматтар үшін (әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтар) төлейтін жарнасы орташа айлық жалақының 7 пайызын құрайды.

Жарна мөлшері сатылап өседі: 2017 жылы - 4%, 2018 жылы -5 %, 2023 жылы – 6 %, 2024 жылы - 7%.

Жұмыс берушілердің үлесі табыстың 5%-ын құрайды. Олар 2017 жылдан бастап 2%, 2018 жылдан - 3%, 2019 жылдан - 4%, 2020 жылдан 5%-ды құрайды. Бұл жарна корпоративті табыс салығының төлемдеріне жатқызылатындықтан, жұмыс берушілерге түсетін шығын көлемі шын мәнісінде 2017 жылы– 1,6%, 2018 жылы – 2,4%, 2019 жылы – 3,2%, с 2020 жылдан 4% құрайды.

Жұмыскерлерге салынатын жарна табыстың 2%-ын құрайды. Олар 2019 жылдан - 1%, 2020 жылдан - 2% жарна төлейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар (жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) үшін жарна табыстың 7 %-ы көлемінде белгіленген.

Атап өтетін жәйт, жарна төленетін сома 15 ең төменгі жалақы көлемінен аспайды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 категориясы (әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтар) босатылады:

  • балалар;
  • «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған аналар, «Батыр ана» атағына ие болған аналар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар;
  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ҰОС мүгедектері;
  • мүгедектер;
  • жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
  • иентернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетін азаматтар;
  • техникалық, кәсіби, ортадан кейінгі білім беру мекемелері, жоғарғы оқу орындары, жоғары білімнен кейін резидентура формасында білім алушы азаматтар;
  • бала тууға немесе асырап алуға қатысты, бала 3 жасқа толғанша демалыста отырған азаматтар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; сонымен қатар 3 жасқа дейінгі баланы нақты асырап отырған жұмыссыз азаматтар;
  • зейнеткерлер;
  • әскери қызметкерлер;
  • арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • түзету жүйесінің мекемелерінде сот шешімімен жазасын өтеп отырған азаматтар (қауіпсіздік деңгейі ең төмен мекемелерден басқа) ;
  • уақытша оқшаулау изоляторларында және тергеу изоляторларында отырған азаматтар.

Add comment

Security code
Refresh

© 2013-2015 ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамытру республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Барлық құқықтар сақталған. Материалдарды көшіріп алу, сайт әкімшілігінен ауызша немесе жазбаша түрде рұқсат алған уақытта ғана мүмкін!