Template created by Joomla 1.6 templates and the best poker webpages: party poker bonus code and best poker sites.

Біліктілікті анықтау неге ақылы?

Жарияланды 03.02.2016

Алайда бұл ақпаратты Денсаулық сақтауды дамыту орталығының өкілдері жоққа шығарып, әңгіме сертификат алу үшін қажетті баға­лау шарасына төленетін 2950 теңге туралы екендігін мәлімдеген еді. Ал 13 мың мен 25 мың теңге аралығындағы категория алу шарасы ерікті жүргізіліп, бұл үшін медицина қызметкерлеріне ай сайын үстемақы төленеді екен. Дегенмен, бағалау шарасының ақылы жүргізілуіне көңіл толмағандар да табылып, өз наразы­лықтарын әлеуметтік парақшаларында білдіріп жатты. Осыған орай, біз аталған мәселе бойынша еліміздегі көптеген медициналық мекемелердің басын қосып отырған Ұлттық денсаулық сақтау палата­сы­ның басқарма төрағасы, медицина ғы­лымдарының докторы, профессор Қадыр Тоқтамысұлы Омаровпен сұхбат­тасқан едік.

– Қадыр Тоқтамысұлы, дәрігерлер мен мейіргерлерді сертификаттау не үшін қажет? Жекелеген дәрігерлер әлеуметтік желіде «онсыз да жалақымыз мардымды емес, біліктілігімізді бағалау үшін нелік­тен ақша төлеуіміз керек?» деген пікір білдіріпті. Бұған не дейсіз?

– Медицина саласының қызметi кез келген елде мемлекет тарапынан қатаң рет­теледі. Мұның себебін түсіндіріп жату­дың қажеті болмас, әңгіме адамдардың қауіпсіздігі және денсаулығы туралы бол­ғандықтан, медициналық қызмет сапа­сы әрдайым басты назарда болуы тиіс. Дәрі­герлердің білімін тәуелсіз бағалау – әлем­нің басым елдерінде енгізілген тәжі­рибе.

Қа­зақстанда медицина қыз­меткер­ле­рінің кли­никалық тәжірибеге, яғни нау­қас ем­деуге кірісу үшін міндетті түрде сер­тифи­кат алу қажеттігі «Халық ден­сау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгіленген. Сонымен қатар сала ма­ман­дарының білімін және білігін бағалаудың тәуелсіз жүйесін қалыптастыру мәселесі 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­саулық» бағдарламасында да қарас­ты­рылған. 
Дәрігер қауымының өз біліктілігін тәуелсіз ұйымдарда растауы, жоғарыда ай­тып кеткендей, бүкіл әлемде қалып­тас­қан тәжірибе. Бірақ оның тәртібі, төленетін ақы­сы да, әлбетте әр елде өзгеше. Шетел­дердің көбісінде бұл қыз­мет түріне лицен­зия беріледі. Бұл үшін ақыны сол дәрі­гер­лердің кәсіби қауым­дастықтары төлейді. Есесіне, дәрігер осындай қауымдастыққа мүше болуы міндетті және ол үшін жүйелі түрде жарна төлеп тұрады. Егер маман заң­ға томпақ әрекетке барса, болмаса өрескел қате жіберсе, онда оның әрекеті үшін сол қауым­дастық та жауап береді әрі мұндай дәрігер клиникалық тәжірибемен айна­лысу құқынан мүлде айырылуы мүмкін. Жал­пы, клиникалық тәжірибемен айна­лысу үшін шетелдерде де маман көптеген дайындық сатысынан өтіп, тәжірибе жи­нап, біліктілігін дәлелдеуі тиіс. Сонда ғана адам емдеу құқына қол жеткізе алады. 
– Лицензия алу үшін емтиханнан өтуге шетелдерде қанша қаржы төлейді?
– АҚШ-та бұл шамамен 3-4 мың дол­лар шамасында. Канадада бірінші кезең – 980 – 1470 доллар шамасында; екінші кезең – 2350 – 3525 доллар шамасында. Ал бұл үшін төленетін ақыны салыстырар болсақ, Қазақстанда дәрігер сертифика­тын бес жылда бір жаңартуы тиіс. Ақысы 3 мың теңгеге жуық. Шетелде сертифи­каттау, категория беру деген ұғым жоқ. Онда дәрігерлер лицензия бойынша жұмыс істейді. Бірақ көріп отырғандары­ңыздай, лицензия алу тәртібі де әлдеқайда қатаң, оған ие болу үшін тапсырылатын емтихан ақысы бізден жүздеген, мыңдаған есе қым­бат. 
– Ал бізде неліктен осындай тәжірибе енгізбеске?
– Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін медицина маман­дарының жұмысын дифференциалды бағалау жүйесі енгізіліп, бірте-бірте бізде де лицензиялау болатынына сенімдімін. Бұл мәселе тиісті мемлекеттік бағдарла­маларда да көрініс тапқан. Ал әзірге меди­циналық сала қызметкерлерін білі­мін жүйелі жетілдіруге, кәсіби біліктілігін арттыруға ынталандыру үшін кеңестік кезеңнен қалған категория ұғымы әлі сақталып келеді. Оны алу-алмау мәселе­сін әр дәрігер өз еркімен шешеді. Катего­рияның үш түрі бар. Екінші, бірінші және жоғары. Категорияға өтуге мүдделі маман білігін растау үшін емтихан тапсырады. Оның теориялық білімі және тәжірибелік дағдылары тексеріліп, тиісті бағасы жазыл­ған куәлік беріледі. Осы куәлік бойынша ол қосымша құжаттарын тапсырып, құзыр­лы мемлекеттік орган­нан категориясын алады. Категория үшін шамамен 11 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін ай сайынғы жалақысына үстеме төленеді. Бес жыл ішін­де бұл үстемақы 690 мыңнан 1,5 млн тең­геге дейін жетеді. Есептер болсақ, ба­ғалаушы ұйымның қыз­метіне төленетін пұл 5 жыл ішінде маман­ның үстемақы ре­тінде алатын та­бы­сы­ның 1,7 пайызын құрайды. Сондық­тан ақылы бағалау ме­дицина маманда­рының қалтасына ауыр тиеді деу артық болар. 
– Бұрын бұл қызмет тегін көрсетіліп келген еді. Ал биылдан бастап ақылы негізге көшіріліпті. Мұның себебі неде?
– Бұрын бұл шараны министрлік құрамындағы құзырлы орган жүргізетін және де ол тест тапсыру мен әңгімелеу сынды екі кезеңнен тұратын. Бетпе-бет әңгіме жүргізу шын мәнісінде, бағалау­дың әділдігіне күмән келтіретіні белгілі. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сәйкес бұл кезең мамандардың нақты білігін анықтау шарасына өзгертілді. Онда дәрігерлер мен мейірбикелер адамның ағзасындағы түрлі ауытқуларды айна-қате­сіз сипаттайтын стимулятор-робот­тарға көмек көрсету арқылы білігін көрсетеді. Жалпы, тәуелсіз бағалау жүйесі елімізде былтыр күшіне еніп, бәсекелі ортаға берілді. Осындай ба­ғалауды жүр­гізуге ниетті ұйымдар құзырлы органға ұлттық аккредитация өтуге өтінім берді. Алайда оның ішінде кадрлық, ма­териал­дық-техникалық ресурсын дә­лел­деп, аккредиттеуден өткен тек қана Білік­тілікті және білімді бағалау республикалық орталығы болды. Бұл құрылым Респуб­ли­калық денсаулық сақтауды дамыту ор­та­лығының құрамында жұмыс істейді. Ор­талық бірнеше жыл бұрын Әлемдік банк пен Қазақстан Үкіметінің арасында ден­саулық сақтау саласында институт­тық реформа жүргізу жобасының аясында құрылған болатын. Осы уақыт ішінде орталық пилотты режимде жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жанақтады, маман­дарды дайындады, Қазақстанның өзіндік бағалау жүйесін жасақтады.Әзірге медицина мамандарын бағалау құқына ие болған тек осы орталық қана. Ал болашақта мұндай ұйымдар саны арта түсетіні күмәнсіз.
– Былтыр аккредитация алғаннан кейін орталық алғашқы бағалау шарасын тегін жүргізген екен. Дәрігерлер «неліктен биыл ақылы тапсыруымыз керек?» деген сауал қоюда. Бұған не дейсіз?
– Себебі ол кезде Әлемдік банк тара­пынан бұл шараға қаржы қарастырылған болатын. Ал қазір бағалау ұйымның өз есе­бінен жүргізіледі. Яғни ғимарат жал­даудан бастап, емтихан сұрақтарын жаңа­лауға, сынаққа тәуелсіз сарапшыларды тартуға, компьютерлік жүйелерге қызмет көрсетуге, жоғарыда айтып кеткен робот-мане­кен­дерді бұзылған жағдайда жөндеп, қалпына келтіруге, оларға техникалық қызмет көр­сетуге, тіпті қағаз сатып алуға да қаражат ке­тетіні мәлім ғой. Біз бұл шығындарды есеп­теп көрдік, шын мә­нісінде, емтихан өту­ге белгіленген баға осы шығындардың құ­нынан аспайды. 
– Медицина саласының өкілі ретінде біліктілікті растау бұл сала мамандары үшін қажет деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте қажет. Себебі дәл қазіргі жағдайда бұл саланың қызмет сапасын әлемдік деңгейге жеткізу үшін өте көп жұ­мыс жасауымыз керек. Мемлекет тара­пы­нан денсаулық сақтау мекемеле­рінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін қыруар қаржы жұмсалып, көптеген жұмыс атқарылды. Бірақ ме­дициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін кадрлардың біліктілігі үлкен рөл атқарады. Сондықтан дәрігерлерді оқу орындарының қабырғасында дайындау сатысынан бастап олардың білімін, білігін тәуелсіз бағалап, кемшін тұстарын толықтырып отыру үшін осындай тәжірибе бізде де енгізіліп отыр. Меніңше, медицина саласының маман­дары бұған үрке қарамай, керісінше, өзінің кәсіби деңгейін көтерудің жолы ретінде қабылдауы тиіс. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан 

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, 
Астана

Ақпарат дереккөзі

Add comment

Security code
Refresh

© 2013-2015 ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамытру республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Барлық құқықтар сақталған. Материалдарды көшіріп алу, сайт әкімшілігінен ауызша немесе жазбаша түрде рұқсат алған уақытта ғана мүмкін!